Абай Құнанбаевтың Евгений Онегиннен аудармасы

Онегин мен Әбдірахман бейнелерінің ұқсастықтары, екеуінің ұқсамайтын тұстарынан әлдеқайда басым. Тек Онегиннің ішінің қалтарысы көптеу.
 
Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. "Досың ақпын, "тағдыр араз”, бәрін "сорлы нәсібімнен” көремін деген сөздерді айта келе, Татьяна сөзінің ақырында "Көрісуге шыдамаспыз, Айрылалық сол үшін” (Абай. 2 том. 49 б.) деген ең соңғы шешімін Ләйлі-Мәжнүн махаббатын еске түсіретін жәйтқа сүйейді. Екі асық Ләйлі мен Мәжнүнге жарық дүниеде қауышып, құшақтасып бір сүйісуге жазбаған ғой. Екеуінің өне бойлары өртеніп, ерінге ерін тигізе алмайды. Татьянаның көрісуге шыдамаспыз дейтіні сол хикаямен ағайындас. "Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп, тебіренері сөзсіз. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық дертін тартуы Алланың бұйрығы болғанда, Татьяна "тағдыр араздығына” шағынады.
 
Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.
 
Қаймақ еді көңілімде,
 
Бізге қаспақ болды жем.
 
Екі сөз жоқ өмірімде,
 
Мен де – сорлы бақыты кем. (1 том.76 б.).
 
Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай орыстың дворян қызына қаспақ қырғызып қояды. Аудара қалғанда да орыс тіліне оншама кіріге қоймайтын ауыспалар. Қаймағы – сүйгені Онегин. Қаспағы – жат босаға.
 
Эпистолярлық романның ұлттық бояуын, тілі мен қоса ділін мейлінше қандырған Абай шығармасында әлеуметтік проблема да қоя білді. Кейіпкерлердің жеке өмірімен қатар, қоғамдық-әлеуметтік қатынасы өлең-роман жанрының бойына шақ қалыпта кесіліп пішіледі. Өмір сүрген заманының кескін-келбет сыйқы кейіпкер көзімен бағаланады. Онегин Татьянаның хатына қайтарған жауабында өзі туралы: "Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес” – дейді.

Дата: 2012-03-22 Просмотров: 2626 Загрузок: 5 Язык: на казахском языке

  • X
    Ваше имя:

    Ваш email: