Түркі тілдес ойшылардың гуманистік идеясы


Еліміздің сан ғасырлық өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Ал халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиетті парыздары болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларында жасырынған рухани мұралар көптеп саналады. Ортағасырлық педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында аты әлемге әйгілі ортағасыр данышпандары – Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Әл – Фараби қазақ жерін әлемге мәшһүр етті.
      Соның бір дәлелі ретінде атақты ақын, Жүсіп Баласағұнның қазіргі ұрпаққа жеткен «Құтты білік» шығармасын атай аламыз. Дастан – саяси және ғибрат, өсиет, ақыл ретінде имандылыққа үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық тағылымдық туынды. Идеясы жағынан дастан имандылық, ізгілік рухында, тәлім – тәрбиелік, ғибраттық, өсиет-өнеге, нақыл сөздер түрінде жазылған педагогикалық және психологиялық, философиялық тұрғыдағы көркем туынды.
      «Құтты білік» дастанын тек қана әдеби мұра деп қарау біржақтылық болар еді. Оның жалпы түрік тілдес халықтар тарихындағы елтану, әдебиеттану, тілтану, мәдени – тарихи қатынастар саласындағы алатын орны, маңызы мен мәні ерекше. Бұл тұрғыда, қазақ халқының да рухани кәмелеттену жолының күретамыры Жүсіп Баласағұнның эстетикалық әлемінде жатыр.
Еңбекте отбасы тәрбиесі, онда ата-ананың алатын ролі туралы, баланың мінез – құлқын, психологиялық ерекшеліктерін қалыптастыру, отбасында ата – ананың бала тәрбиесіндегі алатын орнына ерекше мән береді. Бұл орайда көзге көрініп тұрған тағы бір жай – ақынның тәлім – тәрбиелік, ақылдылық, адамшылық пікірлері қазіргі біздің заманымыздың жағдаятына сай келуі, онда «барша адамзат қауымының ұстанатын мұраттардың» болуы.
      Қай заманда болмасын адамзат атаулының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – келешек өмірді жалғастыратын салауатты, саналы, өзінің ісін жетік білетін - тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам, халық қамын ойлау екені даусыз. Педагогика ғылымында тәрбие заңдылықтарын тәрбие үрдісінде берік қайталанатын және маңызды байланыстар деп түсінсек,ендеше оларды іс жүзінде қолдану, жүзеге асыру жеке тұлғаны дамытуда, қалыптастыруда нәтижелі қорытындыларға жетелейді.

Дата: 2012-03-22 Просмотров: 4242 Язык: на казахском языке

  • X
    Ваше имя:

    Ваш email: