Сақ тайпаларының антропологиялық типі

Сақ тайпаларының антропологиялық типі — Қазақстан жерінде алғашқы темір дәуірінде (б.з.б. 8 — 5 ғасырлар) өмір сүрген тайпалардың антропологиялық анықтамасы. Қазақ даласының көптеген өңірінен табылған ежелгі қорған мен обалардан сол заманның әдет-ғұрыптарына байланысты бұйымдармен қатар адам сүйектері де қазып алынды. Осы адам сүйектеріне жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстары Қазақстан жерінде алғашқы темір дәуірінде сақ тайпалары өмір сүргенін дәлелдейді. Сол дәуірде Қазақстан аймағы шошақ бөрікті сақтардың негізгі мекен-жайы болғаны белгілі. Сондықтан антропологиялық сипаттамалар тек осыларға ғана беріледі. Шошақ бөрікті сақтарға байланысты археологиялық ескерткіштер Қазақстанның оңтүстік, шығыс, орталық аймақтарында орналасқан. Осылардан табылған адамдардың қаңқа сүйектеріне арнайы антропологиялық зерттеулер палеоантропологиялық зерттеу жолдары, яғни бас сүйектердің морфологиялық құрылымына сипаттау арқылы және палеогенетикалық әдістеме, яғни сақ тайпаларының азу тістеріне митохондриялық ДНК-сын (mt — DNA) анықтау, яғни аналық нәсілдің ерекшеліктерін анықтау арқылы жүргізілді. Көне заманда қазақ даласын мекендеген сақ тайпаларына қатысты зерттелген бас сүйек өлшемдерін жыныс ерекшеліктеріне қарай тоғыстырылып, барлығына ортақ краниометриялық анықтамасы алынды. Бас сүйектердің жалпы сипаттамасы: бас формасы жұмыр, төбе биіктігі жоғарылау, маңдай кеңдігі орташа, қабақ сүйектері айтарлықтай жетілген, бет сүйегі аласа, ені жалпақ, жақ сүйектері орташа көтеріңкі, жазықтығы сүйір, көз ұяларының биіктігі аласа, ені жалпақ, алдынан қарағанда пішімі төртбұрышты, қоңқақ мұрын болып келеді. Осы айтылған сипаттамалар және басқа анықтамалар бойынша сақ тайпалары көне еуропоидтық антропологиялық типке жатады. Бұл адамның бас сүйегі сақ тайпаларының біріне жатады. Оның табылған жері Алматы облысындағы Қаратал өзенінің бойы. Антропологиялық пішімі осыған ұқсас адамдар сақ дәуірінде көне қазақ даласына кең таралған. Сонымен қатар олардың бейнесіне моңғолоид тектес тайпалар ықпал еткені байқалады. Жалпы қазақ даласында сақ тайпаларының дәуірінде (б.з.б. 5 — 4 ғасырлар арасында) моңғолоид тегінің араласу деңгейі 15 — 20 пайыздан аспағаны байқалады. Бұл кездегі Қазақстан тұрғындарының шығыс тайпаларымен араласу түрін ДНК-лық зерттеулер де қуаттайды.

Дата: 2012-11-14 Просмотров: 4559 Загрузок: 15 Язык: на казахском языке

  • X
    Ваше имя:

    Ваш email: