Қосарлама қос сөздер

Қосарлама қос сөздер
Екі түбірден қосарланып жасалған қос сөзді қосарлама қос сөздер дейді. Әдетте мағыналары бір-біріне жақын синоним сөздер немесе мағыналары бір-біріне қарама-қайшы келетін антоним сөздер косарланады.
 
Мысалы: аяқ-табақ, құрт-құ.мырсқа, құрбы-құрдас, әке-шеше т. б. Бұнда аяқ та, табақ та ыдыстар, құрт та, құмырсқа да жәндіктер, құрбы да құрдас та замандастар, әке де, шеше де ата-аналар. Ал кәрі-жас, улкен-кіші, ұзынды-қысқалы, қысы-жазы деген қос сөздердің бірінші сыңары екіншісінің мағынасына қайшы келіп тұр. Осы қасиеттері жағынан қосарлама қос сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне ұқсас, жақын болып келеді, олардың сыңарлары тұлғалас болып отырады. Бұндай қос сөздерді кейде арасына жалғаулық шылауларды келтіріп, бірыңғай мүше етіп қолдануға болады. Мысалы: Кәрі-жас тугел жиналды — кәрі мен жас тугел жиналды, айқай-щу тыйылды — айқай да, шу да тыйылды т. б.
Қосарлама қос сөздердің құрамы мынадай болады.
1. Мағынасы бір-біріне жақын (синоним) я қарама-қайшы (антоним) сөздер қосарланады. Мысалы: аға-іні, үлкен-кіші, алыс-жақын, қысы-жазы, жата-жастана, ауыл-аймақ т. б.
2. Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз сөздер қосарланады. Мысалы: бала-шага, жүн-жұрқа, құда-анда, көйлек-көншек т. б. Қазіргі кезде мағынасыз делінетін сыңарының ерте кезде мағынасы болған, тек кейін ұмытылып қалған. Ондай сөздердің көпшілігі көне сөз немесе басқа тілден енген сөз болып табылады. Мысалы: бала сөзі түсінікті шаға деген де көне кезде бала, кішкентай деген үғымды білдірген (қызыл шақа дегенді салыстыр), ол мағына қазірге дейін кейбір түркі тілдерінде (мысалы, түркімен тіліңде) бар. Жұрқа сөзі көне монғол тілінде жүн, анда сөзі көңілі жақын, дос адам деген мағынада қолданылған. Көне түркі тілінде көншек жалаңаш етке киетін киім болған.
3. Екі сыңары да мағынасыз сөздер қосарланады. Мысалы: ығы-жығы, оқта-текте, некен-саяқ т. б. Бұл сияқты сөздер қазіргі кезде ешбір мағына білдірмесе де, бұрынғы кезде мағынасы болған. Мысалы: ығы сөзі де, жығы сөзі де көне түркі тілінде жиын деген мағынаны, монғол тілінде некен де, саяқ та жеке бөлек деген мағынаны, оқта да, текте де кейде деген мағыналарды білдірген.
4. Кейінгі кезде ғана қалыптаса бастаған бір топ қосарланған сөздер бар. Олардың сыңарлары кейде бір тұлғада, кейде әр тұлғада бола береді. Мысалы: үгіт-насихат бөлімі, оқу-ағарту саласы, саяси-экономикалық жағдай, қоғамдық-саяси әдебиет, саяси-көпшілік әдебиет, оку-методикалық кабинеті, қазақша-орысша сөздік, мәдени-ағарту бөлімі т. б.
Қос сөздердің қайталама түрі де, қосарлама түрі де де әрқашан дефис арқылы жазылады. Қосымша сөйлем ішінде негізінен қос сөздің екінші сыңарына жалғанады. Мысалы: барар-бармасымды Құртқа біледі деген сөйлемде І-жақ тәуелдік жалғауы (-ым) мен табыс септік жалғауы (-ды) қос сөздің екінші сыңарына (бармас) жалғанған, бірақ бұл қосымша білдіретін мағына (І-жақ тәуелділік және тура объектілік) қос сөздің бірінші сыңарына да ортақ: барар-ым-ды.

Дата: 2012-10-15 Просмотров: 19497 Загрузок: 15 Язык: на казахском языке

  • X
    Ваше имя:

    Ваш email: