Шонанов Телжан
Шонанов Телжан (1894—1938) — Алаш Орданың оқу комиссиясының мүшесі, тілтанушы-түркітанушы, доцент, қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы.
Туған жері қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, № 4 ауыл.
1908 – 1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қазақ училищесінде, 1912 – 1916 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдер институтында оқыған. Орынборда оқыған кезінде қазақ жастарының мәдени ағарту бағытында құрылған “Игілік” ұйымын ұйымдастыруға белсене араласып, “Қазақ” газетіне халық ағарту мәселелері бойынша мақалалар жариялады. 1916 жылы Ырғыз уезінде мұғалім болып істеді. Шонановтың әлеумет істеріне белсене араласуы 1916 жылғы қазақ халқының Ұлт-азаттық көтерілісі кезінен басталады. Ол қарулы көтеріліске қарсы болған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған демократиялық зиялы азаматтарға қолдау білдірді. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Шонанов ұлттық автономия жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің қатарында болды. 1917 жылы 5 – 13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде Шонанов Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына (Байтұрсынов, Дулатов, М.Жұмабаев, Е.Омаровпен бірге) енгізілді.
1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, Орынбордағы ОГПУ бөлімінде тергелді. 1922 жылы түрмеден босатылады. 1922 – 1926 жылдары Орынборда Халық ағарту комиссариаты (ХАК) жанындағы Академиялық орталықта қызмет атқарды. Шонанов қазақ бастауыш мектебінің теоретикалық және практикалық негізін қалаушылардың бірі болды. Оның қаламынан емлеге, тіл дамытуға, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты көптеген еңбектер мен хрестоматиялар жарық көрді. Шонановтың әдістемеге қатысты еңбектеріне “Жаңалыққа жетекші”, “Диаграмдар, графиктер қандай болады” деген кітаптары, “Орыстарға қазақ тілін үйрету әдісі жайында”, “Ересектерді сауаттандыру әдісі”, “Дауыстап оқытудың әдісі” сияқты көптеген мақалалары жатады. Шонанов 1923 жылы 15 сәуірде “Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына” мүше болып, латын әліпбиін енгізуді жақтаған зиялылар тобында болды. 1924 жылы 12 – 18 маусымда өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне, сол жылы Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты.
Шонановтың қазақ әдебиеті саласындағы еңбектеріне “Сәкеннің тілі”, “Халық ауыз әдебиеті”, “Евгений Онегиннің аудармасы”, т.б. сын-мақалалары жатады. Аударма ісі бойынша ол А.Богдановтың “Курс политэкономий” атты кітабын қазақшаға аударып, орысша-қазақша термин сөздігін қоса берген. Бұдан басқа Каминскийдің, Н.Крупскаяның кітаптарын қазақшаға аударды. 1926 – 1929 жылдары Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеді. Осында жүріп 1926 – 1928 жылдары “Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының” тарих-этнография секциясының төрағасы болды. 1926 жылы Байтұрсыновпен бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған “Оқу құралын” (хрестоматия) құрастырды.
Сол жылы “Қазақ жер мәселелерінің тарихы” атты еңбегі жарық көрді. Онда қазақтарды қоныстандыру, отырықшыландыру, жер бөлу мәселелері айтылды. 1926 жылы тамызда Бакуде өткізілген Бүкілодақтық түркологтар съезіне Байтұрсынов, Н.Төреқұлов, Е.Омаров, Б.Сүлеев, Ә.Байсейітовпен бірге Шонанов та қатысты. Съезден кейін Шонанов латын әліпбиін насихаттайтын республикалық комитет құрамына енді. Сол кезеңде ол О.Жандосовпен бірге барлық латын комитеттері мен латыншыларға арнап ашық хат жариялады. 1927 жылы М.Жолдыбаевпен бірге “Жаңа арна” оқулығын шығарды. Шонанов 1929 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ АКСР-і ХАК-да қызмет атқарды.
1934 жылға дейін ҚазПИ-де оқытушылықпен айналыса жүріп, мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазды. 1929 жылы ол “Қазақстан жағрафиясы” атты кітап жазып, өлкетану жұмысына да белсене араласты. Д.Снегинмен бірге “Уйгурская поэзия” жинағын (1934) ұйғыр тілінен орыс тіліне тәржімалады. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) қазақ тілінің доценті болып еңбек етті. Шонанов жалпы 1923 – 1937 жылдар аралығында 32 оқулық, кітап, 72 мақала жазған.
Алматы қаласында 1937 ж. шілденің 20 тұтқындалып, 1938 ж. ақпанның 27 Қазақ КСР Жоғарғы сотының Әскери колегиясымен ату жазасына кесілген.
1992 ж. қыркүйектің 18 Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қылмыс құрамы жоқтығынан ақталған.
Дата: 2012-11-14 Просмотров: 2765 Загрузок: 3 Язык: на казахском языке
Ваше имя:
Ваш email: