Ядролық қарудын тарихы
"Қазақстан ядролық қарудан бас тартты, бірақ полигонның өтемін даулай алмады"
6 тамыз - халықаралық ядролық қаруға қарсы күн. Қазақстан аумағында 1949 жылдан Семей ядролық сынақ полигоны жұмыс істегені мәлім. Онда 40 жыл ішінде, шамамен 500 ядролық сынақ жасалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды.
АДАМЗАТ ҚАСІРЕТІ "МАЛЫШТАН" БАСТАЛҒАН...
Осыдан 64 жыл бұрын тамыздың 6-ы күні Жапонияның Хиросима қаласына американдық «Малыш» атты бомба тасталды. Бұл қаланы манхэттэндік жобаның зерттеуші тобы 1945 жылдың көктемінде Кокура, Нигата және Жапонияның ең көне әрі қасиетті болып есептелетін Киото қалаларының арасынан таңдап алды. Топқа математиктер, физик-теоретиктер, қопарушы мамандар мен метеорологтар кірді.
Қаланың аумақтылығы, ондағы әскери қоймалар мен қаланың қыраттар арасында орналасқандығы – Хиросиманы дүниежүзіндегі алғашқы ядролық бомбаны сынау «мәртебесіне» ие етті.
26 шілдеде «Индианаполис» крейсері «Малыш» атом бомбасын Тиниан аралына жеткізді. Тамыздың басында барлығы операцияның жүзеге асуына сақадай сай болды, тек қолайлы ауа райын күтіп тұрды.
Экипажға барлық суреттер мен нұсқаулар таныстырылды. Бұл шараның тарихи маңыздылығын түсінген авиаполктің командирі полковник Тибетс өз ұшағына, анасымен аттас «Энола Гей» деген есім берген екен...
6 тамызда шамамен сағат 8-де Жапонияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі бомбалаушыларды байқаған. Алайда, жақындаған ұшақтардың саны аса көп емес – үшеу ғана екендігін байқап, әуе дабылын қоспаған.
Қаланың тұрғындары алаңсыз өз жұмыстарын істеп, енді біреулері аспандағы ұшақтарды бақылаумен болған. Бомбалаушылар қаланың орталығына жеткенде бірінен парашют түсіріледі де дереу ұшақтар кері кетеді.
Көзді ашып жұмғанша 8 сағат 15 минутта жер мен көкті екіге бөлгендей әсер қалдырған күшті жарылыс болады. Бомба жарылысынан аспанға аппақ сәуле көтерілген еді, жан-жақтан қирап жатқан үйлер мен соғылып жатқан ауыр техниканың дауысы шығып жатты... Жарылыстан кейін Хиросима күні шаң мен түтіннен көз аша алмады.
Қуаты 20 тонналық тротил эквивалентін құраған бұл бомба қаладан 600 метр биіктікте жарылғандығына қарамастан, қаланың 60 пайызын жойып жіберді.
Кей ақпараттарға қарағанда үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қаланың 150 мыңға жуығы сол күні-ақ мерт болған...
Тамыздың 9-ында Жапон елінің екінші қаласы - Нагасаки ядролық бомбаның құрбаны болды. Ондағы жарылыстан 70 мың адам қайтыс болып, тұрғын үйлердің 36 пайызы қиратылды. Нагасаки бұрын бомбаланған Хиросимаға қарағанда аз зардап шекті. Дей тұрғанмен бұл жайттар салыстыруға келмес...
Міне осылайша, әлем жұртшылығы осы жылы ядролық қарудың күш қуаты мен қасіретін алғаш рет байқап көрген еді.
СОВЕТ ҮКІМЕТІ ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА
ҰМТЫЛДЫ.
Осыдан соң көп ұзамай-ақ ол қаруға Совет үкіметі де қызығушылығын таныта бастады. Ядролық қарудың мүмкіндігін байқау мақсатында сынақ өткізуге Қазақстанның Семей аймағы таңдап алынды.
Сөйтіп, 1949 жылдың 29 тамызында Семейде алғаш атом бомбасы жарылды. Кей құжаттар бойынша 1949 жылдан 1991 жылға дейін Совет Одағы Қазақстан жерінде 450-ден астам ядролық сынақ өткізіпті. Семей полигонында ұзақ жылдар бойы ядролық зымыран қозғалтқышының жеке элементтері ғана емес, жер үсті прототипі де сыналған.
«Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек қазақ жерінде өткізілген жарылыстардың Хиросимадағы жарылыстан бірнеше есе күштірек болғандығын айтады. Семей өңірінде 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.
Жапон қалаларындағы жарылыстардан кейін «атом бомбасының әкесі» саналатын Роберт Оппенгеймер «Біз шайтанның ісін істедік» деген екен. Ол Американың сол кездегі президенті Гарри Трумэнмен кездесу барысында, "жапон қалаларын бомбалағаннан кейін әріптестерімізбен бірге қолдарымызды қанға малғандай сезінеміз" десе, президент «ештеңе етпейді, ол сумен оңай жуылады» деп қоя салған...
"ҚАЗАҚСТАНҒА ПОЛИГОН ЗАРДАБЫНЫҢ ӨТЕМІ ҚАЙТАРЫЛМАДЫ"
1991 жылы ҚР президентінің жарлығымен Семей полигоны жабылып, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болды. Алайда «Аттан-Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек: «Қазақстан атом бомбасынан бас тартуда бекерге асығыстық жасады. Ең болмағанда халық сол тартқан зардабының есесін өндіріп ала алмады» дейді:
- Қазағым атом бомбасын бекер берді. Бізді тонап кетті. Ол бомбаларды қайтармай тұрып, мына зардабын шеккен халыққа шамалы болса да өтемақы төлеу керек еді. Бұл жерде біздің президент үлкен қателік жасады,- дейді ол.
Тәуелсіз журналист Рысбек Сәрсенбай Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуының бірнеше себебі болғандығын айтады.
- Қазақстан ядролық қарудан бас тартуға мәжбүр болды. Біріншіден, кадр мәселесі. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде көп мамандар, әсіресе әскери салада қызмет ететін мамандар Ресейге қоныс аударып жатты, оның үстіне әскери адамдарда патриоттық сезім деген әрдайым жоғары тұрады. Сондықтан олар өз еліне қызмет етуді мақтан тұтады,- дейді Рысбек Сәрсенбай.
Ендігі бір себебі, ядролық қаруды сақтап, оны бақылауда ұстау тым көп қаражатты талап етті. Ал жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстан үшін ол қиынға соқты дейді Рысбек Сәрсенбай. Дей тұрғанмен, Қазақстан мүмкіндігінше ядролық қаруды өзінде қалдыруға әрекет жасағаны абзал еді деген пікір айтады.
- Ядролық қару Қазақстан үшін қажет еді. Оны бірден «аттан аударып, жүгін түсіріп бере» салғандай болмай, біраз уақыт ұстап тұруға да болатын еді. Қазақстан әлемдік саясаттағы өз орнын нақтылау үшін және өз қорғаныс қабілетін көрсете алуы үшін керек еді. Бірақ, біз олай істей алмадық, - дейді Р.Сәрсенбай.
Дей тұрғанмен сұхбаттасымыз 1991 жылғы ел президентінің бұл қадамынан Қазақстан ұтылған жоқ деген ой айтады. Өйткені Америка мен Ресей сынды алпауыт елдерден әлеуметтік, экономикалық және саяси қысым көре отырып, біз ол қарудан айрылып қалуымыз мүмкін еді дейді сұхбаттасымыз.
Ал Қазақстандағы « Невада Семей» қоғамдық қозғалысының вице- президенті Рүстем Тұрсынбаев әлем бойынша қарудың, оның ішінде ядролық қарудың мүлдем болмағаны абзал дейді.
- Өйткені адамзат өз өмірін қысқарту емес, ұзарту жолында әрекет етуі тиіс. Егер қару болмаса әлемде бейбітшілік болады, ал қаруы бар ел міндетті түрде басқаларға үстемдік көрсетуге дайын тұрады. Сондықтан дүниежүзі елдері осы жолда Қазақстаннан үлгі алып, ядролық қарудан бас тартқаны дұрыс.
Қазақстандағы ядролық полигонның жабылуына «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты– Назарбаев
Алматы. 18 мамыр. ҚазТАГ - Дилярам Аркин. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдық мерейтойлық конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Қазақстандағы ядролық полигонның жабылуына «Невада-Семей» антиядролық халықтық бірлестік пен оның лидері Олжас Сүлейменовтың қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
«Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік масштабта тұрақтылық пен келісімді достық пен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес. Бұл шешім қазақстан жерінде сансыз қасырет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылыстарға тоқтау қойды. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырып, одан ерікті түрде бас тартудың одан маңыздылығы кем емес. Семей ядролық полигонның жабылуына танымал қоғамдық қайраткер Олжас Сулейменов басшылығындағы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты», - деп президент атынан жазылған құттықтау хатты конференцияға қатысушыларға Алматы әкімі Ахметжан Есімов оқып берді.
Бұл ретте әкім О. Сүлейменовтың адамзат алдындағы еңбегін халықаралық қауымдастық мойындағанын және ол полигонды ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік ескерткіші» реестрі қатарына қосқаны айғақтайтынын атап өтті.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдық мерейтойына арналған конференцияның өту күні Олжас Сүлейменовтың туылған күнімен сәйкес келіп отыр. Ахметжан Есімов барлық алматылықтар атынан антиядролық қозғалыс лидеріне тәбәріктік естелік – алтын алма силады.
«Біз «Невада-Семей» қозғалысын айтқанда, кеңестік дәуірдегі «Біздер партия дегенде - Ленинді мегзейміз» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі. Осы жағадайда да, біз «Невада-Семей» қозғалысы дегенде – Олжас Сүлейменовты мегзейміз», - деді А. Есімов.
Антиядролық қозғалыс лидері О. Сүлейменов болса, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім өте күрделі жағдайда қабылданғанын конференцияда еске алды.
«1991 жылдың тамызы біздің есімізде. ГКЧП-дан кейінгі ахуал күрделі тұғын. Кенеттен осы кезде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қояды. Бұл, шын мәнінде, әлі КСРО тарамай тұрып Қазақстанның тәулсіздігін паш еткен құжат болды. Мен мұны, сол оқиғалардың қатысушысы ретінде, ол кезде де, қазір де Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке батылдығы деп бағалаймын. Біздер, оның қорықпай біздің қозғалысты қолдағанына ризамыз», - деді ол, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдық мерейтойына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде.
«Мен осы үшін оған, кейбір БАҚ-тарда әр түрлі пікір айтылғанына қарамай, алғысымды білдіремін. Осы хабарларды оқи отырып, мен әр кез осы фактыны еске аламын, және ол менің санамда кейбір газеттерде Н. Назарбаев туралы барлық теріс жазылғандардан асып кетеді», - деп қосты ол.
Семей ядролық сынақ полигоны ядролық сынақ жасайтын әлемдегі ірі полигондардың бірі болған. Ең бірінші сынақ полигонда 1949 жылғы 29 тамызда жасалған болатын. Онда барлығы 468 ядролық сынақ жасалды. 1949 бен 1962 жылдар арасында онда 30 жер беті сынағы жасалды және 88 ядролық қондырғы ауада сыналды, олардың арасында бірінші термоядролық қондырғы (1953 жылы 12 тамызда) мен алғашқы сутегі бомбасы (1955 жылы 22 қарашада) бар, 6 қондырғы үлкен биіктікте, ғарышта сыналды. Жер бетіндегі сынақтан басқа полигонда 340-тан астам жерасты сынағы: тік ұңғылар мен көлбеу туннельдерде жасалды.
1991 жылы 29 тамызда полигон ҚР президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен жабылды.
Антиядролық қозғалыс тарихы 1989 жылы 25 ақпанда басталды. Осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер Олжас Сүлейменовтың сайлауалды сөзі жоспарланған болатын. 28 ақпанда Қазақстан жазушылар үйінің ғимаратына жүздеген адам жиналды. Осылайша жалпыхалықтық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы пайда болды.
Ол Семей ядролық полигонындағы сынаққа жаппай наразылық білдірді. 1989 жылы қозғалыс Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-ін тоқтатты. Тек 7 жарылыс болды, соңғысы 19-шы қазанда болды. Қарағандының 130 мың қозғалысқа қатысушы шахтерлері қарар қабылдады: егер жарылыс жалғасатын болса, мерзімсіз ереуілге шығу туралы. Оларды Семей, Павлодар, Өскемен мен Жезқазған жұмысшылары қолдады. Жұмысшыларды ҚазКСР Жоғарғы кеңесі қолдады.
Дата: 2012-04-12 Просмотров: 14420 Загрузок: 15 Язык: на казахском языке
Жансая 02 November 2014 16:21